Түркістан облысында жұмыс орнынан құрал-саймандарды ұрлаған күдікті ұсталды
Түркістан облысында жұмыс орнынан құрал-саймандарды ұрлаған күдікті ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Отырар аудандық полиция бөліміне құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан компаниялардың бірінен арыз келіп түседі. Онда құрал-саймандар сақталған орыннан болгарка, дәнекерлеу және ағаш кесетін құралын белгісіз біреудің жасырын кіріп, ұрлап кеткендігі айтылған. Бұл жайт ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТТБТ-ға тіркелді.
Келтірілген шығын көлемі 110 мың теңгені құрады.
Осы дерек бойынша тәртіп сақшылары жедел іздестіру шараларын іске асырды. Олар бір тәулік ішінде күдіктіні анықтап, қолға түсірді. Күдіктінің мекен жайын тінту кезінде айғақты заттар табылып, тәркіленді.
Тергеп-тексеру кезінде полицейлер оның құрылыс компаниясында жұмыс істегендігін және бұдан бұрынырақта әріптесінің ұялы телефонын ұрлап кеткенін анықтады. Ұсталған ер адам бұрын сотты болмаған. Бүгінгі таңда бас шарасы қолхатпен босатылды. Сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жалғасуда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полиция қызметкерлері азаматтарға қырағы болуды ескертеді. Егер сіз бөтеннің мүлкін ұрлаудың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабарласыңыз.