Жол қозғалысы ережелерінің сақталуы қатаң бақылауда
Түркістан облысы полицейлері көмекшілермен бірге қоғамдық тыныштықты қамтамасыз етіп, жол қозғалысы ережелерінің сақталуын бақылауда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Негізінде учаскелік инспекторлар халықпен тығыз байланыста жұмыс жасайтын бірден-бір маман иелері. Олардың басты міндеті – тұрғындардың құқығы мен еркіндігін, заңды мүдделерін қорғау. Қоғамдық орындар мен көшелерде жасалатын құқықбұзушылықтың алдын алу, жолын кесу, ескерту, қоғамдық тәртіпті сақтау т.б. болып табылады. Сондықтан әрбір тұрғын өз учаскелік полиция инспекторының аты-жөнін, жұмыс телефонын білгені жөн.
Жалпы полиция қызметі кәсібилікті, табандылықты, қайсарлықты талап ететін ауыр сала. Осы салада халықтың тыныштығын сақтап, қиындықтан қайыспай жүрген Түркістан облысы сақшыларының еңбегі әрдайым жоғары бағаланып, тұрғындар тарапынан алғысқа бөленуде.
Осы тұста Ордабасы АПБ-нің қызметкерлері жұмыстарын жан-жақты жандандыруда. Мәселен, әкімдіктің «Халықты жұмыспен қамту орталығы» арқылы келісім-шарт негізінде қоғамдық тәртіпті сақтауға көмек көрсету бойынша 12 азамат қабылданды. Қазіргі таңда, аталған қоғамдық көмекшілер Ордабасы АПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторларына бекітіліп, қоғамдық тәртіпті сақтауға өздерінің үлестерін қосуда.
Олар қоғамдық тәртіпті қадағалап, тұрмыстық қылмысқа қарсы күресіп, еңбегін адал атқарып жүрген полицейлерге қолғабыс етуде. Бүгінде осындай қызметкерлердің табандылығы мен кәсібилігінің арқасында көптеген заң бұзушылықтар ауыздықталуда.
Одан бөлек көмекші мамандар полицейлермен бірге жол қозғалысы ережелерінің сақталуын жіті назарда ұстауда. Жүргізушілермен түсіндірме жұмыстар жүргізуде. Жаяу жүргіншілердің тек белгіленген орындармен жүруін бақылауда. Күні-түні тексеру жұмыстарын жүргізіп, рейдтер өткізіп, жол ережесін қасақана өрескел түрде бұзушыларды анықтауға бағытталған іс-шаралар ұйымдастыруда. Оның ішінде жол-көлік оқиғалары салдарынан соңы қайғылы оқиға адам өліміне жол бермеу, автокөліктерді масаң күйде басқармауға баса назар аударуда. Сондай-ақ, қозғалыстың белгіленген жылдамдығын және басып озу тәртібін бұзу, жолдың қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығу және маневр жасау, қауіпсіздік белдігін қолданбау, ұялы телефон мен рация пайдалану, көше қиылыстары мен жаяу жүргіншілер өтпесінен өту жағдайларымен байланысты жасалған құқықбұзушылықтарды анықтау, бақылауды күшейтті.