Жаркенттік суретші қыз ҚР Ішкі істер министрлігінің арнайы сыйлығына ие болды
Алматы облысының тәртіп сақшылары Жаркент қаласының кішкентай тұрғынына Ішкі істер министрлігінің арнайы сыйлығын табыстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 жастағы Жасмин Назар бейнелеу өнеріне жақын жасөспірімдер арасында республикалық дүбірлі додада топ жарып, жануарлар әлемін қорғау тақырыбында сурет салуда ізденімпаздығымен ерекшеленген.
– Жануарлар – біздің достарымыз және адамдар оларға қамқорлық танытуы керек. Осы ұран аясында өткізілген шараға балалар құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Сайын ұйытқы болды. Дүбірлі жарысқа еліміздің түпкір-түпкірінен бірнеше жүз бала бағын сынаған. Жарыста бабы мен бағы қатар шапқандар жеңімпаз атанатыны анық. Жаркент қаласының 12 жастағы бүлдіршіні Жасмин Назар да ізденімпаздығымен көзге түсіп, Ішкі істер министрлігінің бағалы сыйлығына ие болды. Мүмкіндігінің шектеулі екеніне қарамастан өнерлі қыз талантының шексіз екенін дүйім жұртқа дәлелдеді. Жерлесіміз үшін қуаныштымыз және бұдан да үлкен жетістіктерге жетуіне тілектеспіз, – деп атап өтті Панфилов ауданы Полиция бөлімі бастығының орынбасары Руслан Керімқұлов.
Қылқалам шеберлері бақ сынаған байқауға Жасмин салған суреттердің ішіндегі ең таңдаулыларын жіберген. Өйткені 12 жастағы қыз қылқаламды екі жасынан бастап серік еткен екен.
– Мен кішкентай кезімнен сурет салғанды ұнатамын. Бүгін жеңіске жаткеніме өте қуаныштымын. Сурет салып жатқанда ішімде көбелек ұшып жүргендей көрінеді. Мен барлық толғанысым мен қиялымды сурет арқылы бейнелеймін. Сүйікті ісіммен айналысуға жағдай жасап жатқан ұстазым мен ата-анама алғысым шексіз. Сыйлық үшін көп рахмет, – қуанышын жеткізді жас суретші Жасмин Назар.
Жасминнің ата-анасының айтуынша, суретші қыз екі жасынан бастап суретке құмар екенін танытқан. Басында оны жай ғана қызығушылық деп қабылдағанымен, кейін салған суреттерін кәсіби мамандарға көрсеткенде, баланың таланты бар екенін және оны одан әрі дамыту қажеттілігін түсінген. Соңғы бес жылдан артық уақыт Жасмин шығармашылығымен кәсіби ұстаз айналысуда.
– Осындай байқаулар көп болса, балалар үлкен қуанышпен қатысып, өздерінің таланттарын көрсетуге зор мүмкіндік алар еді, – деп атап өтті суретші қыздың анасы.
Тәртіп сақшылары балалар шығармашылығын дамыту мақсатындағы түрлі байқауларды одан әрі жалғастыруды жоспарлауда. Оның қатарында бейнелеу өнері де бар.