Дүкенде тұрғынды соққыға жыққан екі қыз жауапқа тартылды
Дүкендердің бірінде шу шығарған қос бұзақы азаматшаны қарағандылық патруль қызметкерлері қолға түсірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
10 қыркүйек күні Қарағанды қалалық Полиция басқармасының Орталық полиция бөліміне 23 жастағы Шахтинск қаласының тұрғынынан арыз түсті. Азаматша өз арызында сағат 14.00 шамасында Қарағанды қаласының Бұқар-Жырау даңғылының бойында орналасқан дүкендердің бірінде оны қос азаматша соққыға жыққаны туралы хабарлаған.
Оқиға былай басталған, жәбірленуші дүкенге кіргенде адамдардың көптігінен байқаусызда бір қызды қағып кеткен. Ал ол болса барлық дүкенге келушілердің көзінше оған балағат сөздер айтып, қасындағы құрбысы екеуі жәбірленушіні соққыға жығып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Төбелес болған жерге келген патрульдік полиция полкінің наряды жәбірленушінің сипаттауымен күдікті азаматшаларды анықтады.
– Қоғамдық орында жәбірленушіні соққыға жыққан екі азаматшада 26 жастағы Қарағанды қаласының тұрғындары. Олар бұрын да осындай қылықтары үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал, қазір олар қылмыстық жауапкершілікке тартылатын болады, – деді Қарағанды облыстық Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.
Аталған факті бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 293-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.