Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отбасы үлгі тұтқан – отағасы

Түркістан облысы Төлеби ауданы полиция бөлімінде қызмет атқаратын Жаңабай Ахметовтың отбасын өзгелерге үлгі, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы» ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығына сәйкес қыркүйек айының екінші жексенбісі «Отбасы күні» болып белгіленген.

Отбасы – сыйластық ортасы! Отбасы – бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Оның ер жетіп өсуі, бойындағы алғашқы адамгершілік белгілері отбасында қалыптасады, сондықтан да туған үйдің жылуы – оның жүрегінде мәңгі сақталып, есінде жүреді. Сондықтан балаларының болашағы үшін аянбай қызмет етіп, бар білгенін үйретіп, жол көрсетер ата-аналар аман болсын. Осы орайда Төлеби ауданы полиция бөлімінде қызмет атқаратын Жаңабай Ахметовтың отбасын өзгелерге үлгі етіп айтып өтсек болады.

Айрандай ұйып отырған, тату-тәтті ғұмыр кешіп, бірлікте өмір сүріп жатқан көпбалалы, қарапайым Ахметовтардың отбасын ауылдастары мен ұжымы мақтан тұтады. Бұл отбасында сегіз адам бар. Қара шаңырақтың ақылшысы, тірегі – Төлеби АПБ кезекші бөлімі жедел-кезекшінің көмекшісі полиция старшинасы Ахметов Жаңабай Төребекұлы. Алты ұл-қызын өмірге әкеліп, тәрбиелеп отырған жұбайы Накыпова Мақпал Нұрлыханқызы. Отбасы мүшелері бірін-бірі демеп, үнемі сүйеу болып жүреді. Ынтымағы жарасқан жанұя.

Жаңабай өзінің жүрекжарды, жағымды жаңалығын жеткізіп: – Отбасымның осы жылғы үлкен қуанышы – шаңырағымызға шуақ шашып, егіз ұлдарымның дүниеге келуі. Аллаға шүкір! Мен үшін отбасының көпбалалы болуының маңызы өте жоғары. Олар бір-біріне қарасып, мейірімді болып өседі. Көпшіл болады. Менің отбасым – менің байлығым. Біз ел тыныштығы жолында қызмет еткеннен кейін көбіне отбасылық өмірге, балаларымыздың тәрбиесіне уақытымыз бола бермейді. Бірақ, уақыт бола қалса, әрқашан қызметтен ертерек отбасыма жетуге, балаларыма асығамын!, – дейді қуанышын жасыра алмай.

Мереке қарсаңында осындай үлгілі, көпбалалы отбасының шырағы, алты ұл-қыз баланы тәрбиелеп отырған аяулы анасы Мақпал Нуралханқызы Төлеби АПБ-нің басшылығы тарапынан «Алғыс хатпен» марапатталды. Ендеше, түсіністік пен тәртіп, махаббат пен мейірім ұялаған отбасына амандық, тек жақсылық тілейміз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру