Жамбылда Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу мерзімі жалғасуда
Қазақстанда Армениядан әкелінген автокөліктерді тіркеу мерзімі 2021 жылдың 1 наурызына дейін ұзартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
«Қазақстан Республикасы азаматтарының Армения Республикасында тіркелген жекелеген көлік құралдарын Қазақстан Республикасына әкелуінің және пайдалануының кейбір мәселелері туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 мамырдағы №306 қаулысына тиісті өзгерістер енгізілді.
2020 жылғы 1 қыркүйекте қаулы күшіне енді. Жамбыл облысының Полиция департаменті Армения Республикасының уәкілетті органдарында ҚР азаматтарына тіркелген және 2020 жылғы 1 ақпанға дейін ҚР-ға әкелінген басқаруы сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу үшін мемлекеттік тіркеуге алымды және мемлекеттік баж салығын 11 946 теңге мөлшерінде төлеу қажеттігін еске салады.
Армениядан әкелініп тіркелген автомобильдерді пайдалану мерзімі шектелмейді.
Көлік құралдарын тіркеуге және жүргізуші куәліктерін беруге байланысты барлық сұрақтар бойынша 8 (7262) 99-76-46 телефонына хабарласуға болады.