Колония қызметкері «Аналар күніне» арнап дәрігерлерге торт пісірді
ШҚО-да қатаң режимді колонияның қызметкері «Аналар күніне» арнап дәрігерлерге торт пісірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласындағы қауіпсіздігі барынша жоғары мекеменің қызметкері пандемияға шалдыққан балаларды емдеп жатқан медицина қызметкерлері – аналарға арнап торт пісіріп, тарту етті.
Әйгерім Мұратбекқызы мекеменің қаржымен қамтамасыз ету қызметі бастығының орынбасары болып қызмет атқарғанына сегіз жыл болған. Өзінің жұмысын жақсы меңгерген Әйгерім Мұратбекқызы әріптестері арасында өте беделді. Адал қызметі үшін мекеме басшылығымен, қала әкімшілігімен, ШҚО бойынша ҚАЖД-мен марапатталған Әйгерім, өзінің қызметтен бос уақытында өзінің сүйікті ісі – торт пісірумен айналысады. Семей қаласының «орталық полиция бөлімінде» жедел уәкіл болып қызмет ететін жолдасы Амангелді мен алты жасар ұлы Расул да анасының торттарын өте ұнатады. Бүгін қалада жас балалар арасында инфекциялық аурулардың көп таралып жатқанын естіген Әйгерім «Семей қаласының балаларға арналған инфекциялық ауруханасының» қызметкерлеріне арнайы торт пісіріп, тарту етуді шешкен.
– Бүгінгі тосын сыйға барлығымыз риза болып қалдық. Бұл бір ойламаған жерден болған іс-шара болды. Әйгерім Мұратбекқызының торты қандай әдемі болса, өзі де сондай әдемі мейірбан жан екен. Бүгінгі күні біздің емханада барлығы 16 бала емделіп жатыр. Олардың ішінде ауыр жағдайда бір бала бар. Біздің жұмысымыз қазір 15 күндік кезекшілікпен атқарылып жатыр. Бүгінгі мерекемізбен өзіміздің балаларымыздан басқа құттықтау аламыз деп ойламаған біздерге бұл үлкен мәртебе болды. Әрине күндіз түні ауру адамдарды күту адамды қажытады. Біздің адамзат алдындағы міндетіміз – денсаулық сақтау болғандықтан, «ақ халатты абзал жан» деген мәрбебелі атқа сай болуымыз керек, – дейді инфекционист-дәрігер Бақытжан Кадырбекова.
– Мен осы пандемия басталғалы жанталасып, адам өміріне араша болып келе жатқан ақ халатты абзал жандарға сый жасауды ойлап жүрген болатынмын. Бүгін міне мекеме әкімшілігінің қолдауымен «Аналар күніне» өз арманым орындалды. Торт жасауды өзім ұнатамын. Туыстарыма, достарыма да арнайы тапсырыспен пісіріп жүрмін. Бүгінгі торт «сникерс» деп аталады. Бұл тортты бір ерекше ынтамен пісірдім, және ол жақсы шықты. Болашағымыз балаларды емдеуші адамдарға басымды иіп үлкен рахмет айтамын, – дейді Әйгерім Мұратбекқызы