Жарық бағанасына соққан көліктің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды
Қызылорда облысында жарық бағанасына соққан көліктің жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
23 қыркүйек сағат 00:30 шамасында Қызылорда қаласында «Opel» маркалы автокөлігі М.Шоқай – Ғ. Мұратбаев көшелерінің қиылысындағы жарық бағанасына соққан. Салдарынан көлік жүргізушісі оқиға орнында қайтыс болды.
Аталған оқиға бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабының 3-бөлігімен (Автомобильдi басқаратын адамның жол жүрісі қағидаларын бұзып, абайсызда адам өлiмiне әкеп соғу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Тиісті сараптамалар тағайындалды. Мән-жайлар анықталуда.
Жол ережесін сақтау – міндет. Бұл ретте Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Сұлтан Бектөре жол қозғалысы ережелерін сақтау – жүргізушілер үшін ғана емес, жаяу жүргіншілер үшін де маңызды екендігін атап өтті.
– Жүргізушілер арасында көлік тәртібін арттырып, жол-көлік оқиғаларының санын азайту, сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алу мақсатында жүргізушілерге және басқа да жол қозғалысы қатысушыларына жолдарда жылдамдық режимін асырмай, Қазақстан Республикасының жол ережелерін қатаң сақтау қажет, – деді Полиция департаментінің бастығы.