Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Шартты түрде мерзімінен бұрын түрмеден босатылған ақтөбелік цех ашты

Ақтөбеде түрмеден шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған азамат пробация қызметкерлерінің қолдауымен металл өңдейтін цех ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жаза өтеу орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босатылып, пробация қызметі есебіне алынған Александр Иващенконың металл өңдейтін жеке кәсіп ашу туралы арманына жетуіне Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторлары көмектескен болатын.

Жеке кәсіпке қол жеткізу үшін Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторлары есепте тұрған Александрды “Атамекен” ҚР Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы жанындағы “Бастау Бизнес” жобасы бойынша “кәсіпкерлік негіздері” курсына оқытады.

Оқу курсы кезінде тәжірибе жинақтаған сотталған, өзінің бизнес-жобасын сәтті қорғап, нәтижесінде 555 мың 600 теңге көлемінде қайтарымсыз грант ұтады. Қайтарымсыз қаражатқа сотталған азамат темір бұйымдарын дайындауға арналған түрлі станоктар сатып алады.

Жеке кәсібін дамытатын цехты ашқан күннен бастап, Александр темір қақпа мен терезеге арналған темір торлар және әткеншектерді ерекше ықыласпен дайындап келеді. Осындай қиын жұмыстарды бірлесіп жасау үшін есепте тұрған азамат қарамағына өзі секілді пробация есебінде тұрған азаматты жұмысқа алған.

– Бостандықта жүрген кезімде кәсіптік лицейде білім алып, слесарь мамандығын алған болатынмын. Бірақ кейін аяғымды шалыс басып, ол үшін жазамды темір тордың ар жағында өтеуіме тура келді. Дегенмен, ол жақта түрме қызметкерлері маған заң аясында көптеген әлеуметтік-құқықтық көмектерді көрсетті. Соның бірі – бостандықта жүргенімде алған мамандығымның жалғасы ретінде түрмеден «Тау электромеханикалық қондырғыларының шебері» мамандығын алып шықтым. Дәл сол кездегі мақсатым – тәртібімді жақсы көрсетіп, өз арманыма қол жеткізу болған еді. Ол мақсатыма бүгінгі таңда Хромтау аудандық пробация қызметкерлерінің көмегімен жетіп отырмын. Сол үшін пробация қызметкерлеріне айтар алғысым шексіз, – дейді «Металл Хром» жеке кәсіпкерлігінің иесі, пробация есебінде тұрған Александр.

Түзелу жолында келе жатқан есепте тұрған азаматтың мінез-құлқына Пробация қызметінің инспекторы да оң бағасын берді.

– Аталған жеке кәсіпкер Александр Иващенко жаза өтеу орнынан шартты түрде мерзімінен бұрын босап, Хромтау аудандық Пробация қызметіне есепке алынған күннен бастап, оған заң аясында әлеуметтік- құқықтық және тегін медициналық көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, аталған жоба бойынша оқуға жіберіліп, енді міне өз кәсібін дөңгелетіп отыр. Біз оның өз бизнесін дамыту арқылы пробация қызметінің сенімін ақтап, қоғамға тез бейімделіп кететініне сенеміз, – дейді Хромтау аудандық пробация қызметінің инспекторы Айнұр Болатпаева.

– Айта кету керек, Хромтау аудандық Пробация қызметі инспекторларының қолдауымен, 2019 жылы “Бастау Бизнес” жобасы бойынша “кәсіпкерлік негіздері” курсына оқыған үш есепте тұрған азамат жеке кәсібін ашса, биыл екі есепте тұрған азамат жеке кәсібін ашып, дөңгелетіп отыр – деп хабарлады Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру