Ұрылар ұрлық үстінде ұсталды
Қарағандыда ұрлықпен айналысатын үш адам ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 қыркүйекте Қарағанды қаласының аумағында өткізіліп жатқан «Учаске» жедел алдын алу іс-шарасы аясында Қарағанды қаласының ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлерімен ұзақ уақыттан бері Қарағанды қаласының аумағында ұрлықпен айналысатын үш адам ұсталды.
Полиция қызметкерлерінің ұйымдастырған жедел іс-әрекетінің нәтижесінде Қарағанды қаласының аумағында орналасқан «Таир» сауда үйінде сыртқы киім сататын бөлімнен киім ұрлаумен айналысқан 19 жастағы ер адам және 32 жастағы әйел адам, сонымен бірге «Аян» сауда үйінде 48 жастағы әйел адам қылмыс жасау үстінде ұсталды.
Аталған адамдардың бірнеше жылдан бері осы кәсіппен айналысып, сотты болғанын және ішкі істер органдарында есепте тұратынын атап өткіміз келді. Ұсталған күдіктілер мойындау көрсетпелерін берді.
Қазіргі уақытта ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.