Жол ережесін бұзғандар жауапқа тартылды
Түркістан облысының полицейлері 4,5 мыңнан астам рет жол ережесі бұзылғанын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол қауіпсіздігінің алдын алу және ЖКО-ны азайту мақсатында Түркістан облысының аумағында жол қозғалысы ережелерін бұзудың алдын алуға, көлік тәртібін арттыруға және жол апаттарын азайтуға бағытталған «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу іс-шарасы өтті. Оны өткізуге күшейтілген режимде қызмет атқарған жергілікті полиция қызметінің және басқа да бөлімшелердің 700-ге жуық қызметкері жұмылдырылды. Көлікті мас күйінде басқару, жылдамдықты арттыру, қарсы жолаққа шығу, маневр жасау ережелерін бұзу және жол-көлік оқиғаларының өсуіне әсер ететін басқа да фактілерді анықтауға ерекше назар аударылды.
Нәтижесінде, үш күндік рейдтік іс-шара барысында тәртіп сақшылары 4525 жол қозғалысы ережесін бұзуды тіркеді, оның ішінде 423 жол берілген қоғамдық көлік жүргізушілері. Полицейлер мас күйінде 30 жүргізушіні және бұрын жүргізуші куәлігінен айырылған екі жүргізушіні ұстады. Көлік құралын басқаруға құқығы жоқ адамдардың 92 фактісі анықталды. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 127 автокөлік құралы айыптұрағына қамалды.
Сондай – ақ, жылдамдықты асырғаны үшін 137 жүргізуші, қарсы жолаққа шыққаны үшін – 32, маневр жасау ережелерін бұзғаны үшін – 103, бағдаршамның тыйым салатын сигналына шыққаны үшін – 24 және жаяу жүргіншілерге қозғалыс кезінде жол бермегені үшін 116 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Қауіпсіздік белдігін пайдаланбаудың 864 фактісі, көлікті басқару кезінде телефонды пайдаланудың 422 жағдайы, заңсыз қайта жабдықтаудың 25 және техникалық байқаудан өтпеудің 79 фактісі анықталды. Жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 726 жаяу жүргінші жауапқа тартылды.
Сондай-ақ, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы аясында көлік тәртібін арттыру мақсатында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жүргізушілер арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, жол қауіпсіздігін сақтау шаралары туралы түсіндірме қағаздарын таратты.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері жол қозғалысының барлық қатысушыларын жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады және облыс тұрғындарынан жол қозғалысына қатысушылардың өмірі мен денсаулығын сақтауға бағытталған алдын алу іс-шараларын өткізуге түсіністікпен қарауды сұрайды.