Полицейлер телефон ұрлап кеткен автоұрыны ұстады
Түркістан облысында полицейлер телефон ұрлап кеткен автоұрыны ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Автокөлік салонына ұрлыққа түсу – біздің елімізде бөтеннің мүлкін ұрлаудың кең таралған түрінің бірі. Әдетте, автоұрылар жүргізушілер қараусыз қалдырған, көбінесе терезелері мен есіктері ашық көліктерден бағалы заттарды ұрлайды. Бұндай жағдайда ұрыларға көліктен ақша, ұялы телефондар мен басқа да техниканы ұрлау, автобөлшектерді алу қиын емес.
Мысалы, Сайрам АПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, белгісіз автоұрының құрбаны болғаны туралы жеткізеді. Жәбірленуші Ақсукент ауылы көшелерінің бірінде оның «Volkswagen» маркалы көлігінен ұялы телефоны ұрланғанын хабарлайды. Автокөлік иесіне келтірілген шығын көлемі шамамен 50 мың теңгені құрады. Аталған жайтты полиция қызметкерлері ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша СДТБТ-ға тіркеп, күдіктілерді іздеуге кірісті.
Қылмыс орнына келген Сайрам АПБ жедел-тергеу тобының қызметкерлері жетіп, автокөлікте қалған іздерді мұқият тексерді, сондай-ақ басқа да жедел іс-шараларды өткізді. Тәртіп сақшылары жақын маңдағы аулаларды аралап, куәгерлерден жауап алып, көшедегі бейнебақылау камераларын қарап шықты.
Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Сайрам АПБ полицейлері күдікті ретінде Түлкібас ауданының тұрғынын ұстады. Жедел уәкілдер жігітті аудандық Полиция басқармасына жеткізді. Тергеу барысында күдікті ұялы телефонды қараусыз қалдырылған көліктің ашық терезесі арқылы ұрлап кеткені белгілі болды. Содан кейін ол ұрланған телефонды сатып, ақшаны өз қажеттілігіне жұмсаған.
Қазіргі уақытта бөтеннің мүлкін ұрлау жайты бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің басқа да осыған ұқсас қылмыстарға қатыстылығын анықтауда.
Өз кезегінде Түркістан облысының полицейлері автокөлік иелеріне құнды заттарды көліктерде қалдыруға болмайтынын ескертеді. Сақ болу керектігін және қысқа уақытқа кетсеңіз де, көліктің терезелері мен есіктерін жабуды ұмытпауға шақырады. Көлікті жақсы жарықтандырылған жерге немесе күзетілетін тұраққа қою ұсынылады. Мүмкіндігінше көлікке қауіпсіздік дабылын орнатыңыз, бұл ұрыларды қорқытуға көмектеседі. Егер сіз автокөлік ұрлығының құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада «102» телефоны бойынша полицияға хабарласыңыз.