Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Іздеуде жүрген алаяқтыққа күдікті әйел ұсталды

Арыстық полицейлер алаяқтық жасады деген күдікпен іздеуде жүрген әйелді ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алаяқтыққа күдікті әйел ҚР ҚК-нің 190-бабы 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша қылмыс жасағаны үшін іздестіріліп жатқан Арыс қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті істің барлық мән-жайын анықтау үшін аудандық полиция бөліміне жеткізілді. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.

Сонымен қатар, «Қауіпсіз жол» жедел алдын алу шарасы барысында жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері 150 жол қозғалысы ережесін бұзушылықты анықтады. Полиция қызметкерлері мас жүргізуші мен көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарғаны үшін тәртіп бұзушыны ұстады. Сондай-ақ, тәртіп сақшылары жылдамдықты асырғаны үшін төрт жүргізушіні, бағдаршамның тыйым салатын жарығына өткені үшін екі жүргізушіні, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны үшін бір жүргізушіні, теміржол өткелдерінен өту ережелерін бұзғаны үшін үш жүргізушіні және жаяу жүргіншілерді жібермеген екі жүргізушіні әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Рейд барысында техникалық байқаудан өтпеудің 12 жайты, автокөлікті заңсыз қайта жабдықтаудың бір жайты анықталды. 12 жүргізуші көлік құралын басқару кезінде ұялы телефондарын пайдаланғаны үшін және 63 бұзушы қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін жауапқа тартылды. Сондай-ақ 13 адамға қатысты көлік жүретін жолды белгіленбеген жерден кесіп өткені үшін әкімшілік хаттама толтырылды.

Арыс ауданының полицейлері мұндай жедел-профилактикалық іс-шаралардың мақсаты – жол-көлік оқиғаларының алдын алу және азайту, жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзушылықтарды анықтау, жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру, жол қозғалысына қатысушылардың ЖҚЕ сақтауын бақылау, сондай-ақ басқа да әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жолын кесу бойынша жұмыстарды жандандыру болып табылатынын атап өтті.

Сондай ақ, Арыс АПБ қызметкерлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол жүру ережелерін қатаң сақтауға, жолдардағы жылдамдықты асырмауға, қарсы қозғалыс жолағына шықпауға, қашықтықты сақтауға және маневр жасау ережелерін бұзбауға шақырады. Сондай-ақ, мас күйінде көлікке отырмаңыз – бұл апатқа және орны толмас құрбандыққа әкелуі мүмкін.

Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілер есіңізде болсын, жолда абай болыңыз, жол қателікті кешірмейді!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру