Базарда жоғалған телефонын тауып берген тәртіп сақшылары ауыл тұрғынының алғысына ие болды
Алматы облысында базарда ауыл тұрғынының телефоны жоғалып, тәртіп сақшылары тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көксу ауданының тәртіп сақшылары аудан орталығы Балпық би кентіндегі мал базарында құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету барысында белгісіз біреу түсіріп алған смартфонын тауып алды.
– Смартфонын жоғалтып алу дерегі бойынша полицияға ешкім арызданған жоқ. Сондықтан телефонның иесін анықтау бойынша тиісті шаралар атқарылып, телефон 70 жастағы тұрғынға тиесілі екені белгілі болды. Мал базарында телефонын жоғалтқан қария байланыс құралын табудан үмітін үзіп, ешкімге арызданбаған, – деді Көксу ауданы Полиция бөлімінің бастығы Рамиль Гимадиев.
Көксу ауданының тұрғыны жоғалғанын тауып, аман-есен табыстаған тәртіп сақшыларына шексіз алғысын білдірді. Өз кезегінде, полицейлер құнды заттардың жоғалуының немесе ұрлануының алдын алу мақсатында киімнің сыртқы қалталарына салмауды және өте мұқият болуыды ескертеді.