Пробацияда есепте тұрған әйелдер іскер әйелдермен кездесті
Ақтөбеде пробация қызметкерлері есепте тұрған әйелдерді іскер әйелдермен кездестірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметі облыс бойынша Іскер әйелдер қауымдастығымен бірлесіп, пробация қызметі есебінде тұрған сотталған әйелдермен кездесу кешін ұйымдастырды. Кездесу іс-шарасы- «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру орталығында өтті.
Еркін отырыс кезінде еліміздегі өзекті тақырыптардың бірі – «тұрмыстық зорлық-зомбылықтың» алдын-алу туралы әңгімелер қозғалып, кешке шақырылған іскер әйелдер осындай жетістікке жету жолындағы өздерінің өмірлерінде кездесетін қиындықтарды қалай жеңіп шыққанын, яғни өздерінің тәжірибелерімен бөлісті. Сонымен қатар, есепте тұрған әйелдерге қолдау көрсету мақсатында, «Анаға тағзым» ғимаратында орналасқан тегін отбасылық психотерапевттың көмегін ұсынды.
– Кездесуде әйелдердің отбасындағы рөлі, мәселелері туралы әңгімелер айтылды. Сонымен қатар, есепте тұрған әйелдер заң саласындағы қызметкерлерге несие т.б. мәселесіне қатысты сұрақтарын қойып, толымды жауаптарын алды. Жалпы, жұмыстан тыс уақытта өткен кездесу кеші есепте тұрған әйелдерге ұнап, алғыстарын айтып, осындай кездесулердің алдағы уақытта жалғасын табуына өтініштерін білдірді, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің аға инспекторы Нүргүл Аубакирова.