Қарағанды облысында бір топ ұры ұсталды
Шахтинск қаласында бір топ ұры ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 қазан күні Шахтинск қаласының полиция бөліміне 39 жастағы азаматша белгісіз біреулердің оның жеке үйінің ауласынан көліктің 8 дөңгелегін, сонымен қатар машинаның сымдарын, көліктен дыбыс шығаратын колонкасын ұрлап кеткендігі туралы хабарлаған.
Азаматшаға келтірілген шығын көлемі 300 мың теңгені құрады.
20 қазан күні криминалдық полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен бір топ жас жігітті ұстады.
Олардың бірі 18 жаста болса, қалған екеуі 15-16 жастағы жас балалар. Күдіктілер осы қылмысты жасағандарын мойындады.
Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде.