Үш күн бұрын жоғалған ақтөбелік азамат аман-есен табылды
Қызылордада үш күн бұрын жоғалған ақтөбелік азамат аман-есен табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үш күн бұрын Қызылорда облысы Арал ауданының Қаратерең елді мекеніне Ақтөбе қаласынан келген үш адам құс атуға шыққан. Алайда аңшылық кезінде олардың бірі адасып, жоғалып кеткен.
Жоғалған адамды туған-туыстары мен достары өз бетінше іздеуге тырысқан, кейін адам жоғалғаны туралы полиция бөліміне хабарлаған.
Хабарлама түскен сәттен бастап аудандық полиция қызметкерлері құтқарушылармен бірге дереу іздестіру жұмыстарына кірісті.
Іздеу жұмыстары Кіші Арал теңізінің «Көкарал» плотинасынан басталды. «Крона» қызметтік иті, қажетті техника жұмылдырылып, аталған аймақ дрон арқылы зерттелді. Барлық полиция бекеттеріне жоғалған адамның суреттері жіберілді.
Бүгін сағат 09:30 шамасында үш тәулік бойы бойы жүргізілген іздестіру жұмыстарының нәтижесінде жоғалған адам аман-есен табылды.
Ақтөбелік азамат елді мекендерден шалғай кетіп, бағытынан адасқанын айтты. 46 жастағы азамат туыстарымен табысты. Оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ.
Полицейлер тексеру жұмыстарын жүргізіп, оқиғаның мән-жайын анықтауда.