Ақтөбеде еріктілер тобы тұрмысы төмен сотталғандарға киім-кешек таратты
Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің Алматы аудандық пробация қызметі ұйымдастырған пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандарға арналған іс-шара шеңберінде қайырымдылық акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өңірдегі «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі және «Қайырымды жандар» еріктілер тобымен кездесу барысында пробация қызметінде есепте тұрған көмекке мұқтаж сотталғандарды әлеуметтік бейімдеу үшін көмек көрсету мәселелері талқыланды. Сонымен қатар кездесуде пробация есебінде тұрған сотталған азаматтар өздерінің өмірлік қиындықтарымен бөлісті. Кездесу соңында «Шаңырақ» қоғамдық бірлестігі және «Қайырымды жандар» еріктілер тобы Алматы ауданының пробация қызметінде есепте тұрған мұқтаж отбасыларға киім-кешек таратты.
– Аталған іс-шара 2020-2025 жылдарға арналған қоғамдық құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық іс-шаралар жоспарына сәйкес, Алматы аудандық пробация қызметінің қаламыздағы «Шаңырақ» және «Қайырымды жандар»қоғамдық бірлестіктерімен келісілген меморандум аясында ұйымдастырылды.
Басқосудың негізгі мақсаты- рухани-адамгершілік құндылықтарды қалыптастыру, пробация қызметінің есебінде тұрған азаматтарға қолдау көрсету және қажет кезде қол ұшын созу, олардың өмірге бейімделіп кеткенше қайта қылмыс жасауына жол бермеу. Бұл ретте пробация қызметкерлері сотталғандарды түзелу жолында әрдайым қолдауға және көмек көрсетуге дайынбыз, – деп атап өтті Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің инспекторы Досжан Турин.