Ұйғыр ауданының тұрғынына «Қызыл кітапқа» енгізілген жануарды құтқарғаны үшін алғыс хат пен сыйлық табыс етілді
Алматы облысында қарақұйрықты құтқарған Ұйғыр ауданының тұрғынына арнайы сыйлық табыс етілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ұйғыр ауданының тәртіп сақшыларына табиғат қорғау ұйымдары тарапынан аудан тұрғындарының бірінің ауласында тұқымы құрып кету қаупі төнген жабайы аңды асырап жатқаны және бұл факт бойынша заңға сәйкес шара қолдану қажеттілігі туралы хабарлама келіп түсті.
Тексеру барысында жабайы аңның – қарақұйрық екені анықталды.
«Қызыл кітапқа» енгізілген аңды ұстау және еркінен тыс қапасқа қамау дерегі анықталған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес Ұйғыр ауданы тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
– Тексеру барысында қыстақта тұратын малшының қыс мезгілінде аяғы жараланған жабайы аңның баласын далада көргені, екінші күні де сол орында жатқан соң елік тұқымдас жануарды үйіне әкеп, сиыр сүтімен бағып өсіргені анықталды. Аудан тұрғынының әрекеті табиғат байлығына қылмыстық қол сұғу емес, керісінше оны қорғауға, қамқорлық танытуға бағытталған игі іс екенін ескере отырып, қылмыстық іс қысқартылып, бүгін оған алғыс хат пен картина табыс етілді, – деді Ұйғыр ауданы полиция бөлімінің бастығы Шыңғысхан Сабуров.
Сұлулығына көз тоймайтын нәзір жануарға қамқорлық танытып, бауыр басып қалған малшының бүлдіршін қызы да назардан тыс қалмады. Табиғатқа жанашырлығы үшін полиция қызметкерлері оған та арнайы сыйлық табыстады.
Жабайы аңға жаны ашып, оны құтқарып қалғаны үшін істі бола жаздаған аудан тұрғынының бүгін мерейі үстем болды. Ол елік тұқымдас аңның сирек кездесетін және «Қызыл кітапқа» енгізілген қарақұйрық екенінен бейхабар болып шықты.