Полицейлер пышақ жарақатын алған жәбірленушінің жарақатын таңып, ажалдан арашалады
Қарасай ауданының полицейлері ауыр пышақ жарақатын алған адамның өміріне араша түсіп, аман алып қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарасай ауданында жас жігіттердің арасындағы кикілжің барысында сол жақ санына пышақ сұғылған азаматтың артериялық тамырына зақым келіп, ол жарақаттық шок салдарынан есінен танып қалған.
Аумақты патрульдеу барысында қылмыс үстінен түскен тәртіп сақшылары зардап шегушіге жедел медициналық көмек көрсетіп, жергілікті ауруханаға жеткізген.
Оқиға 17 қазан күні түнде орын алған. Қарасай ауданының 20 жастағы екі тұрғыны Көксай ауылында кездескен. Сыра ішу барысында таныстар арасында сөзге келіспеушілік орын алып, кейінірек татуласқан. Олар үйлеріне қайту үшін көлікке мініп, Кемертоған ауылына келген.
Сол сәтте күдіктінің ойына бірер сағат бұрынғы реніші түсіп, көлікті тоқтатып, төбелес кезінде танысына пышақ жарақатын салған.
– Патрульдік полиция ротасының инспекторлары әкімшілік аумақты патрульдеу кезінде қылмыстың дәл үстінен түкен. Күдіктіні оқиға орнында ұстап, зардап шегушіге көмек көрсеткен. Әр секундтың құндылығын түсіне отырып, алдымен күре тамырдан шапшыған қанды тоқтатқан. Жедел жәрдемді күтпестен, бірден ауруханаға жеткізген. Жағдайды дұрыс бағамдап, өте орынды шешім қабылдаған полицейлердің ісін ерлікке тең деп санаймын. Өйткені, олар адам өміріне араша түсті,- деді Қарасай ауданы Полиция басқармасының бастығы Болат Тотыбаев.
Оқиға орнынан табылған пышақ тәркіленіп, қылмыстық іс материалдарына айғақ зат ретінде тіркелді.
Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 106-бабының 2-бөлігіне сәйкес (Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру) қылмыстық іс қозғалды.
Зардап шеккен азамат екі күрделі ота жасалғаннан кейін есін жиып, жанын аман алып қалған тәртіп сақшыларына алғысын айтты.