Қапшағайда полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен ұрлық дерегін ашты
Алматы облысында полицейлер бейнебақылау камераларының көмегімен ұрлық дерегін ашты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылдың 30 қазанында Қапшағай ҚПБ кезекші бөліміне 35 жастағы қала тұрғыны үй аумағынан құны 130 000 теңгені құрайтын құрылыс материалдарының ұрланғаны туралы арызданған. Аталған дерек ҚР ҚК 188-бабының 2-бөлігі (Ұрлық) бойынша тіркелді.
Аталған қылмысты полиция қызметкерлері бір тәулік ішінде ашты. Бейнебақылау камералары арқылы ұрлық жасағандардың түр-сипаты мен қозғалыс бағытын анықтаған тәртіп сақшылары екі жергілікті тұрғынды анықтап, ұстады.
Ұсталғандардың айтуынша, олар металл шатырды бөлшектеп, темір қабылдайтын орынға өткізген, ал кабель оралған ағаш катушканы үйлеріне апарған.
Заманауи технологиялар полиция қызметкерлеріне қылмыстарды ашуға үлкен септігін тигізуде. Мысалы, бейнежазбадан азаматтардың катушканы алып бара жатқанын көруге болады. Бұл кадрларды көрген полиция қызметкерлері күдіктілерді тез арада анықтады. Кәсіпорын басшылары мен азаматтарға құқық бұзушылықтың алдын алу және қылмыстарды жылдам ашу мақсатында бейнебақылау камераларын кеңінен қолдануға және орнатуға шақырамын, – дейді Қапшағай ҚПБ ЖПҚБ бастығы Талғат Базиев.