Павлодар облысының полицейлері үй жануарларын ұстау ережелерін түсіндіру бойынша жұмыстар жүргізуде
Павлодар полицейлері азаматтарға елді мекендерде үй жануарларын ұстау және оларды серуендету ережелерін түсіндіруге бағытталған алдын алу іс-шараларын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– 2020 жылдың басынан бастап осы ережелерді бұзғаны үшін 4 мыңға жуық үй жануарының иесі әкімшілік жауапкершілікке тартылды,- деді Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров.
Тәртіп бұзушыларға жалпы сомасы 3 млн.теңгеге айыппұл салынды.
Тәртіп сақшылары иттерді серуендету кезінде қажетті атрибуттардың болмағаны үшін ескерту немесе 3 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл қарастырылғанын еске салады.
Жеке тұлғалардың денсаулығына немесе мүлкіне зиян келтірілген жағдайда 10 АЕК дейін айыппұл қарастырылған.
Бұдан басқа қағидаларға сәйкес көп пәтерлі тұрғын үйлердің аулаларында, балалардың аула алаңдарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емдеу мекемелерінің аумақтарында иттерді, мысықтарды серуендетуге тыйым салынған.
Адамдар көп жиналатын жерлерде, қоғамдық көлікте және басқа да қоғамдық орындарда жануарларды қысқа қарғыбаумен және тұмылдырықпен ұстау керек.
Иттерді түнгі уақытта серуендеткен кезде (сағат 22.00-ден таңғы 06.00-ге дейін) үй жануарларының иелері азаматтардың қалыпты демалуы мен тыныштығына кедергі келтірмейтін тыныштықты сақтау шараларын қабылдауы қажет.