Сотталғандардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау басты назарда
ҚР ІІМ-нің Байқоңыр қаласындағы өкілдігінің акт залында Байқоңыр қаласы прокурорының төрағалығымен ведомствоаралық мәжіліс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мәжіліске Байқоңыр қалалық пробация қызметінің, қалалық жұмыспен қамту орталығының, Байқоңыр қаласының көп бейінді ауруханасының қызметкерлері және Байқоңыр қалалық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтар қатысты.
Кездесу барысында Байқоңыр қалалық жұмыспен қамту орталығының өкілі мен Байқоңыр қаласының көп бейінді ауруханасының қызметкері мемлекет тарапынан тегін көрсетілетін әлеуметтік-құқықтық көмек түрлері және кәсіп ашуға берілетін қайтарымсыз мемлекеттік гранттар туралы толық, әрі жан-жақты түсіндіріп берді.
Сотталғандарға тегін әлеуметтік-құқықтық көмек түрлері Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 30 желтоқсандағы «Пробация туралы» Заңына және «Пробация қызметінің есебінде тұрған адамдарға әлеуметтік-құқықтық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 23 қазандағы қаулысына сәйкес жүзеге асырылады.
Қала прокуроры сотталған азаматтарға оларға қатысты Заңмен белгіленбеген қандай-да бір қысым немесе күш түрлерінің қолданылуы заңмен қудаланатындығын және мұндай фактілер орын алған жағдайда прокуратура органдарының жедел байланыс телефондарына хабарласуға болатындығын түсіндірді.