Шекарадан өтпек болған жүк көлігінен есірткі табылды
Түркістан облысының полиция қызметкерлері «Нифи» атты иттің көмегімен есірткі затын тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сарыағаш АПБ-не «102» сымтетігі арқылы «Қазығұрт» шекара бақылап өткізу бекетінен хабарлама келіп түскен. Онда «Нифи» атты қызметтік ит Өзбекстан Республикасына қарай өтіп бара жатқан «Вольво» маркалы жүк көлігіне үріп, бір белгі бергенін айтқан.
Осы хабарлама бойынша Сарыағаш АПБ-нің шұғыл тергеу тобы аз уақыт ішінде шекара бекетіне толық құрамда жеткен.
Полиция қызметкерлері тексеру барысында шетелдіктің көлігінде жасырылған есірткі затын тапты. Тінту барысында жедел уәкілдер өзіне тән хош иісі бар бір пакет есірткі затын тәркіледі. Сараптама қортындысына сәйкес, тәркіленген есірткі заты 26 грамға жуық кептірілген «марихуана» болып шықты.
Қазіргі уақытта аталған жайт ҚР ҚК-нің 296-бабы (Есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша қылмыстық іс тіркелді. Бүгінгі таңда күдікті уақытша ұстау абақтысына қамауға алынды. Полиция қызметкерлері оқиғаның толық мән-жайын анықтауда.
Түркістан облысының полицейлері есірткі қолданып немесе өсіріп өзін ғана емес бүкіл қоғамды улау заң аясында жауапқа тартылатынын ескертеді. Қайта салауатты өмір салтын ұстанып, пайдалы әрекеттер жасап өмір сүруге шақырады.