Маңғыстау облысында пробация есебіндегі 140 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарға тартылған
Маңғыстау облысы бойынша ҚАЖД пробация есебінде тұрған 140 сотталған азамат қоғамдық жұмыстарға жұмылдырылған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Сотталған азаматтарды қоғамдық жұмыстарға тарту сот үкімімен қылмыстық теріс қылықтар жасағаны үшін тағайындалатыны белгілі. Биыл Маңғыстау облысында қылмыстық теріс қылық жасағаны үшін 308 тұлға қоғамдық жұмыстарға тартылса, қазіргі таңда 140 тұлға қоғамдық жұмыстар атқаруда.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің диспозициясына сәйкес қоғамдық жұмыстар 20 сағаттан 100 сағатқа дейін белгіленеді. Жұмыстар қоғамдық орындарда орындалады.
Алайда қылмыстық жазаның ең оңай, әрі тиімді түрінен бас тартып, бой сауғалайтындар да жоқ емес.
-Жұмыс жасаудан бас тартып және жалтарып жүргендер де бар, оларға қатысты сотқа қоғамдық жұмыстарды қамауға ауыстыру туралы ұсыныс жолданады. Негізінен сотталған азаматтардың басым көпшілігі жұмыстарды адал орындайды, – дейді Маңғыстау облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті пробация қызметінің бастығы Ғабит Чутабеков.