Маңғыстау облысының пробация қызметкерлері қайырымдылық шараларына атсалысуда
Маңғыстау облысының пробация қызметкерлері пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарға көмек қолын созуда, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Коронавирусқа байланысты пандемия кезінде көптеген адамдар жұмыстарынан айырылып, қаржылық қиындықтарға тап болды. Бұл қиындықтар пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған азаматтарды да айналып өткен жоқ. Себебі олардың басым көпшілігі жұмыспен өзін-өзі қамтып отырғандықтан, карантиндік шектеу шаралары енгізілген кезде табыс көздерінен айырылды. Мысалы, екі баласы бар пробация есебінде тұрған әйел жұмыссыз қалған.
– Уақыт өте келе ақшамыз таусылып, пәтер жалдауға, азық-түлікке жетпеді, – дейді пробация қызметіне белгіленуге келген әйел адам.
Пробация бөлімінің қызметкерлері оған тұрғын үйді жалға алуға көмек көрсетті. Әлеуметтік патронатты жүзеге асыруға көмектесетін қоғамдық қорлармен және кәсіпкерлермен өзара іс-қимыл жасаса отырып, әйел азық-түлікпен және ақшалай қаражатпен қамтамасыз етілді, сондай-ақ пәтерін үш айға жалға алу ақысы төленді.
Індет салдарынан есепте тұрған алпысқа жуық сотталған адам тұрмыстық қиындықтарға тап болды. Пробация қызметкерлерінің қоғамдық қорлармен өзара іс-қимыл жасасуы нәтижесінде сотталған азаматтарға азық-түлік пен киім-кешек таратылды.