Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістан облысында тәртіп сақшылары марапатталды

Түркістан облысында бірқатар тәртіп сақшысы марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Қайрат Дәлбеков қызметтік міндеттерін адал атқарып, жоғары көрсеткіштерге жеткен бірқатар полицейге тиесілі марапаттарын ұсынды. Департамент бастығы тәртіп сақшыларын құттықтай отырып, олардың қиын да қауіпті қызметтеріне сәттілік тіледі.

Мәселен, Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Бауыржан Саржанов Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған «Халық алғысы» медалімен марапатталды. Төтенше жағдай кезінде халық игілігі үшін еңбек еткен қызметкерге Мемлекет басшысының бұл марапаты үлкен демеу болмақ. Негізінде бала Бауыржан кішкентайынан ішкі істер саласында қызмет етуді армандаған. Осы арманын жүзеге асыру мақсатында 2007 жылы туған жері Ақтөбе қаласында «Заң» колледжінде білім алған. Алғашқы еңбек жолын 2009 жылы Шымкент қаласында патрульдік полицияда инспектор болып бастаған. Бүгінде 10 жылдан астам тәжірибесі бар тәртіп сақшысы қатарластарынан оза шауып, жақсы нәтижелерге қол жеткізген білікті маман. Отбасын құрып бір ұл, екі қыздың әкесі атанып отыр.

Өздеріңізге белгілі, әлемді жайлаған коронавирус індетіне қатысты төтенше жағдай кезінде тәртіп сақшылары блок-бекеттерде тәулік бойы өз отбасыларынан жырақта қызмет атқарды, өздеріне бекітілген аумақта карантин талаптарының қатаң сақталуына жұмыла кірісіп, бақылауда ұстады.

Сонымен қатар қылмыстарды ашып, құқық бұзушылар мен қылмыскерлерді ұстауда күні-түні аянбай еңбек еткен полицейлерге де арнайы марапаттар табысталды. Оның ішінде өткен жылы жүкті әйелді қызметтік көлігінде босандырып алып, ана мен баланың аман қалуына бар жағдайды жасаған, экстремалды жағдайдағы шұғыл әрекеті үшін ҚР ІІМ Ерлан Тұрғымбаевтың бұйрығымен «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен Кентау ҚПБ ЖПҚ бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторы Нұрболат Темірханұлы марапатталды. Бүгінде полицейдің қызметтік көлігінде дүниеге келген нәрестені ата-анасы учаскелік полиция инспекторының атымен атайды. Бұл да болса халықтың полицейге берген жоғары бағасы болып саналмақ.

 

Оған қоса, ҚР ІІМ-нің Грамотасына КПБ аса маңызды істері жөніндегі аға жедел уәкілі Марат Жандарбеков ие болды. Ал полицейлер Заңғар Мұсаев пен Арнұр Нахыповқа «Алғыс» жарияланды.

Өз кезегінде еңбегі бағаланған полиция қызметкерлері шын жүректен алғыстарын жеткізді. Алдағы уақытта да Қазақстан Республикасына адал қызмет етуге барын салатындарын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру