Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Мемлекеттік қызметкер “жәрдемақы алып беремін” деп, тұрғынды алдап кетті

Түркістан қаласында “мемлекеттен жәрдемақы алып беремін” деп, бірнеше тұрғыннан ақша алған алаяқтыққа күдікті ер азамат ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бүгінде бөтеннің сеніміне кіру арқылы алдап, алаяқтық әрекеттерін іске асыратындар қатары аз емес. Түркістан облысының полицейлері осындай оңай жолмен ақша табатын талай алаяқтарды ұстап, олардың жолын кесуде. Мәселен, Түркістан қаласының полицейлері “мемлекеттен жәрдемақы алып беремін” деген желеумен бірнеше тұрғынның ақшасын жымқырған жұмыспен қамту орталығының бұрынғы қызметкерін күдікті ретінде ұстады.

Нақтырақ айтсақ, өткен жылдың қараша айында Түркістан қаласының жергілікті тұрғыны мемлекеттік қызметкерге “мемлекеттен жәрдемақы алып беремін” деген сөзіне сеніп, 55 мың теңге берген. Арада бір жыл өтеді, қызметкерге бірнеше рет жолығып, ақшасын талап етеді. Алайда қызметкер жұмыстан шығып кеткенін сылтауратып, уәде еткен жәрдемақыны да, тұрғынның берген ақшасын да қайтармайды.

Сан соғып, оңбай алданғанын түсінген жәбірленуші ҚПБ-ға арызданып, полицияның көмегіне жүгінді.

Сондай-ақ осы секілді арызбен полицияға тағы да бір тұрғын шағым түсіріп, алаяқтың арбауына түскенін жеткізді. Аталған жайттар ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеліп, сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілді. Қалалық полицейлердің жедел іздестіруінің нәтижесінде күдікті ер азамат ұсталды. Ол жергілікті тұрғын, жұмыспен қамту орталығының бұрынғы қызметкері болып шықты.

Қазіргі таңда тәртіп сақшылары күдіктінің осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығын анықтауда. Себебі күдіктінің тағы да бірнеше жайттарға қатысы болуы мүмкін. Күдіктінің бас шарасы қолхатпен босатылды.

Түркістан облысының полицейлері алаяқтардың құрғақ сөздері мен жалған уәделерінен сақ болуды ескертеді. Егер де алаяқтардың қылмысының құрбаны немесе куәсі болсаңыз “102” нөміріне хабар беріңіз!

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру