Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

31 жастағы елорда тұрғыны алаяқтықпен айналысқан

Нұр-Сұлтанда әйел адам әлеуметтік желілер арқылы алаяқтықпен айналысқан, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Криминалдық полиция қызметкерлері «Instagram» әлеуметтік желісінде жалған аккаунт ашып, әйелдер киімін сатамын деген сылтаумен адамдарды алдаған 31 жастағы елорда тұрғынын ұстады.

Ол парақшаға түрлі заттардың суретін орналастырып, олардың төмен бағада сатылатыны туралы ақпаратпен адамдарды алдаған. Алаяқ арзан бағаға  қызығушылық танытқан азаматтармен мобильді мессенджер арқылы хат алмасып, алдын ала төлем ретінде банк картасына ақша аудартып отырған. Ақшаны алғаннан кейін телефон нөмірін ауыстырып, әрі қарай ғаламтор арқылы адамдарды алдауды жалғастырған.

Алаяқтың құрығына 41 жастағы жергілікті тұрғын ілігіп, оның банк картасына 83 250 теңге аударған.

Ақша аударылғаннан кейін алаяқ жәбірленушінің аккаунтын бұғаттап, ұялы телефонын сөндіріп тастаған.

Қазіргі кезде ұсталған адамға қатысты ҚР ҚК 190-бабы (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Интернеттегі төмен бағада сатылатын заттар желі қолданушылардың назарын аударады. Әдеттегідей көпшілігі тауардың бар-жоғына көз жеткізбестен, алдын-ала төлемді электронды есепшотқа аударады.

Интернет саудамен айналысатын алаяқтардың белгілері:

– сатушының телефоны және мекенжайының болмауы;

– сатушының байланысты тек хат алмасу арқылы жүргізуді қалауы;

– басқа сатушылардың осы секілді ұсыныстарымен салыстырғанда тауардың бағасының айтарлықтай төмендігі.

Нұр-Сұлтан қаласының Полиция департаменті төмендегідей қарапайым сақтық шараларын сақтауды сұрайды:

– тауардың бар-жоғына көз жеткізу;

– егер де жеке куәлігін көрсетуді өтінген кезде сатушы суретін жіберген жағдайда асығыстық жасап сеніп қалмау;

– өз суретінің басқа да нұсқаларын жіберуді немесе бейнеқоңырау жасауды өтіну;

– сатушымен бейнебайланыс арқылы келісім жасау;

– төлемді тауарды алғаннан соң немесе дәйектілігіне көз жеткізгеннен кейін жасау.

Егер де интернет-алаяқтардың әрекетінен зардап шексеңіз 71-67-10, 71-66-10, 71-65-58, «102» телефондары бойынша полицияға жүгіну қажет.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру