Полицейлер карантин режимін сақтауға шақырады
Нұр-Сұлтан полицейлері демалыс күндері де карантин режимін сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұр-Сұлтан полицейлері еріктілермен бірге коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Демалыс күндері азаматтар базарлар мен саябақтарға көп барады, сол себепті тәртіп сақшылары азаматтарды сақ болуға, қоғамдық орындарда санитарлық нормаларды сақтауға шақырады.
Азаматтар бетперде кимеген жағдайда еріктілер жеке қорғаныс құралдарын беріп, оларды міндетті түрде киіп алуларын талап етеді.
Тәртіп жиі бұзылатын объектілерге ерекше көңіл бөлінеді. Бұлар ойын-сауық мекемелері, дәмханалар, мейрамханалар, караоке барлар, сауда орындары т.б.
Полицейлер мониторингтік топтардың құрамында кәсіпкерлік субъектілері бойынша күн сайын екі ауысымдық рейдтер жүргізеді, ойын-сауық мекемелерінің иелеріне қолданыстағы карантин шаралары, жұмыс кестесін және әлеуметтік қашықтықты сақтау қажеттілігі туралы ескертеді.
Бұған қоса полицейлер карантин тәртібін сақтамаған азаматтардың қолданыстағы заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тартылатынын еске салады.