Жыл басынан бері жеті мыңнан астам құқық бұзушылық анықталды
Павлодарлық полицейлер жыл басынан бері алкогольге қатысты жеті мыңнан астам деректі анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың кезекті фактісін полиция қызметкерлері рейдтік іс-шаралар барысында анықтады. Павлодар қаласында Камзин көшесіндегі сауда үйінің бутиктерінің бірінде күндізгі сағат 11.20-да сатушы сатып алушыға сыйымдылығы 0.5 литр болатын бір бөтелке арақ сатты. Дүкен иесіне қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабының 1-бөлігі (Тиісті тіркеусіз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысу, сондай-ақ әрекеттерді (операцияларды) жүзеге асыру) бойынша әкімшілік іс қозғалды, материал шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді, – деді Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ғалым Сарғұлов.
Полиция қызметкерлері бұл бағыттағы құқық бұзушылықтарды анықтауға бағытталған іс-шаралар тұрақты негізде жүргізілетінін түсіндірді.
Жыл басынан бері тәртіп сақшылары алкоголь өнімдерін заңсыз сатудың 309 дерегін, қоғамдық орындарда мас күйінде болған 7 333 адамды анықтады.
Полиция департаментінде атап өткендей, кейбір сауда нүктелері табыс табу мақсатында алкогольді ішімдіктерді лицензиясыз сатқан. 2020 жылы полиция қызметкерлері осындай 111 фактіні анықтады, кінәлі тұлғалар ҚР ӘҚБтК-нің 463-бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері алкоголь өнімдерін заңсыз сату фактілерінің алдын алу мақсатында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасын бұзуға жол беру фактілері туралы полицияға «102» телефоны бойынша хабарлауды сұрайды.