Ауруханаға түскен сотталғанның балаларын Пробация қызметі қамқорлыққа алды
Ақтөбеде Пробация қызметі ауруханаға түскен сотталғанның балаларын қамқорлыққа алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне қарасты Алматы аудандық пробация қызметі есепте тұрған азаматтарға мемлекеттік көмектерді көрсетумен қатар, олардың әлеуметтік жағдайларын бақылауда ұстап, тұрмыстық жағдайларына азаматтық тұрғыда көмек көрсетіп келеді.
Алматы аудандық пробация қызметкерлері бұл жолғы қамқорлық іс-шарасын ауыр халде жедел жәрдем ауруханасына түскен есепте тұрған сотталғанның отбасына арнап, бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктерді және балаларына қыстық киімдер жеткізіп берді.
– Сотталған азаматтың әйелі бес жыл бұрын дүние салғандықтан, ол қазіргі уақытта екі баланың жалғыз асыраушысы болып табылады. Оның жедел жәрдем ауруханасына түскенін білген сәттен бастап, әжелерімен қалған балаларды қамқорлыққа алуды жөн деп санадық. Бұл бойынша Ақтөбе қаласының «Волонтер-2020», «Қайырымды жандар» еріктілер тобына хабарласқанымызда, аталған еріктілер тобы қол ұшын созуға бірден келісіп, бірінші кезекте тұтынатын азық-түліктерді және қыстық киімдерді жеткізіп берді, – дейді Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің бастығы Айған Алмағамбетова.
Жүректерге жылу сыйлаған қайырымдылық іс-шарасы үшін есепте тұрған азаматтың анасы пробация қызметіне және еріктілер тобына алғысын жаудырды.