Алматы облысының полицейлері бірнеше ұрлыққа қатысы бар қылмыстық топты ұстады
Алматы облысының полицейлері бірқатар ұрлық деректеріне қатысы бар қылмыстық топ өкілдерін құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың қазан және қараша айларында жеке үйлерден өзгенің мүлкін қолды қылудың 12 дерегі тіркелген болатын. Оның алты дерегі Талдықорған қаласында, бесеуі Сарқан және біреуі Көксу аудандарында жасалды. Аталған деректер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 2, 3-бөліктері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілді.
– Сериялы ұрлық тізбесіне қатысы бар күдіктілерді анықтау үшін білікті полицейлер қатарынан іздеу тобы құрылды. Кәсіби із кесушілер ұрлықтарды жасауға қатысы бар қылмыстық топтың жымысқы әрекетін әшкереледі. Топ Талдықорған қаласының 22-29 жастағы тұрғындары, бес адамнан құралғаны анықталды. Бұлтартпас айғақтардан кейін күдіктілер өз қылмыстарын мойындады. Олардың осыған ұқсас ашылмаған өзге де қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Қылмыстық іс бойынша басқа деректер ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес жария етуге жатпайды, – деді Талдықорған ҚПБ бастығы Асқар Нұрсапа.
Полиция таратқан ақпаратқа сәйкес, тергеу барысында қылмыстық топ өкілдерінен олар қолды қылған тұрмыстық техника, қымбат киімдер, бағалы заттар мен өзге де ұрланған мүліктер тәркіленген. Ұрланған заттардың бір бөлігі тергеу әрекеттері кезінде сатып алушылардан алынды.
Тергеу барысында ұсталғандардың үшеуінің бұған дейін де біреудің мүлкін ұрлағаны және алаяқтық жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды. қазіргі уақытта төрт күдікті уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды, біреуі мекенжайын өзгертпеу туралы міндеттемемен босатылды.