Бөтен біреудің екі сиырын айдап әкеткен ауыл тұрғыны ұсталды
Қызылорда облысында бөтен біреудің екі сиырын айдап әкеткен ауыл тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 желтоқсанда Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жалағаш аудандық полиция бөліміне Ақсу ауылының тұрғыны 5 желтоқсан күні сағат 15:30 шамасында ауылға қарасты Бостай би мал жайылымынан екі бас сиырын белгісіз біреулердің ұрлап кеткені туралы арызданған.
Тәртіп сақшылары оқиға орнына барып, малды қай бағытта айдап әкеткенін анықтады. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында полиция қызметкерлері іргелес аумақты аралап, ұрланған малды тапты. Сонымен қатар осы ұрлықты жасаған 29 жастағы аудан тұрғынын ұстады.
Күдікті далада қараусыз жүрген сиырларды байқап, бақташы болмағандықтан, малды ешқандай кедергісіз Жалағаш ауданына айдап әкеткен. Ұрланған екі бас сиыр иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-1-бабының 1-бөлігімен (Мал ұрлау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.