Жүк көлігімен құбыр ұрлаған екі азамат ұсталды
Түркістан облысының полицейлері жүк көліктерімен құбырларды ұрлаған күдіктілерді құрықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Созақ аудандық полиция бөліміне сағат түнгі уақытта аудандағы күзет қызметінің қызметкері хабарласып, ұрлық оқиғасы орын алғандығын хабарлайды. Хабарламаны алған полицейлер тез арада жұмылдырылып, арнайы экипажбен қылмыс орын алған жерге жетеді.
Нысанды тексеру кезінде ол жерден 56 дана темір құбырлар мен 150 метр темір арқандардың ұрланғандығын анықтайды.
Осылайша полицейлер түнгі уақытта күдіктілерді іздестіруге қажетті шаралардың барлығын атқарады. Қар борап, ауа-райының қолайсыздығына байланысты және аталған орында бейнебақылау камерасының жоқтығынан күдіктілердің ізіне түсу біраз қиындық туғызды. Десе де полицейлер нысанның аумағын түгел тінтіп, қызметтік көліктермен ауданға кіре беріс пен шыға берістегі көліктерді тексерді.
Нәтижесінде бес сағаттан соң екі «УАЗ» маркалы және бір «КамАЗ» жүк көліктеріне жымқырған құбырларды артып кетіп бара жатқан екі күдікті мен үш сатып алушы азаматтар ұсталды. Яғни олардың біреуі Шымкент қаласының және төртеуі Созақ ауданының жергілікті тұрғындары болып шықты.
Белгілі болғандай олар түнгі уақытта өзара сөз байласып, аталған нысаннан темір құбырлар мен арқандарды артып алған. Осыдан соң алдын ала келіскен сатып алушыларға өткізбек болған. Алайда күзетші мен полиция қызметкерлерінің арқасында қылмыстың жолы дер кезінде кесілді.
Бүгінде аталған жайтқа байланысты ҚР ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Шығын көлемі анықталуда. Полицейлер ұсталғандардың тағы да басқа қылмыстарға қатысы бар жоғын анықтауда. Күдіктілер қолхатта. Ал тәркіленген айғақты заттар қылмыстық іске тіркеліп, заңды иесіне қолхат арқылы қайтарылды.
Полиция қызметкерлері тұрғындарға қырағы болып, белгілі бір нысан, тұрғылықты үй немесе пәтер болсын қараусыз қалдырмауға кеңес береді. Мүмкіндігінше жеке мүліктеріңізге мұқият болыңыздар!
Егерде сіз ұрлықтың құрбаны немесе куәгері болсаңыз, тез арада полицияның «102» нөміріне хабар беріңіз.