Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Полицейлер адам өмірін сақтап қалды

8 желтоқсан күні Қызылорда қалалық Полиция басқармасының патрульдік полицейлері Бексұлтан Сейдулла мен Алмас Өмірәлиев  қала тұрғынына алғашқы медициналық көмек көрсетіп, өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Оқиға түскі сағат 15:30-да Айтбай мешітінің жанында орын алған. Көлік жүргізіп келе жатқан 1987 жылы туған азаматшаның денсаулығы күрт нашарлап, көлік тізгінін басқара алмай, жол ережесін бұзған.

Патрульдік полицейлер көлікті тоқтатып, жанына барғанда көлік тізгініндегі қала тұрғынының денсаулығының нашарлағанын байқап, алғашқы медициналық көмек көрсетіп, дереу жедел жәрдем шақырған. Аман қалған азаматшаның сіңлісі полиция қызметкерлеріне алғысын білдірді.

– Оқиға болған күні әпкем екеуміз көлікпен шаруаларымызды бітіруге шыққанбыз, бірақ жолда әпкем тынысының тарылып, ауа жетіспеушілігі салдарынан өзін жайсыз сезініп келе жатқанын айтты. Бақытымызға орай, бізге полиция қызметкерлері кездесіп, әпкеме алғашқы медициналық көмек көрсетті. Қазір әпкем стационарда ем қабылдауда, оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Бірақ, дәрігерлер әпкеме дереу алғашқы медициналық көмек көрсетілмеген жағдайда салдары жаман болуы мүмкін еді деп ескертті. Бексұлтан мен Алмасқа біреудің қайғысына бейжай қарамай, дереу көмек көрсеткені үшін алғысымды білдіремін. Қызылорда қалалық ПБ-да нағыз өз ісіне адал қызметкерлер жұмыс істейтініне куә болдық, – деп атап өтті Сәния Қадырбаева.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру