Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД бастығы қала еріктілерін марапаттады

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖД бастығы қала еріктілерін марапаттады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев, сотталғандар арасында қайта қылмысты болдырмау, сондай-ақ еріктілер жылында пробация қызметкерлерімен бірге азқамтылған сотталғандардың отбасына көмек беруге арналған іс-шараларға белсенді қатысқан қала еріктілерін Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында салтанатты түрде алғыс хаттармен марапаттады.

Алғысқа ие болған өңірдегі «Қайырымды жандар», «Волонтер- 2020», «Жүректен жүрекке» еріктілер топтары және «Шаңырақ-Ақтөбе» қоғамдық қорының төрағалары департаментке қарасты Алматы аудандық пробация қызметімен бірлесіп, еріктілер қозғалысына қатысты бірқатар іс-шараларды ұйымдастыруда жыл бойы әріптестік тұрғыда белсенді атсалысқан болатын.

Нақтырақ айтқанда, жомарт еріктілер тобы Алматы аудандық пробация қызметімен бірге пробация есебінде тұрған аз қамтылған сотталғандардың отбасыларына және мұқтаж қала тұрғындарына азық-түліктер және киім-кешектермен көмек берді. Олар төтенше жағдай кезінде де күн-түн демей, қиын жағдайда қалған жүздеген отбасының жағдайын жақсартуға атсалысты. Науқас адамдарға дәрі-дәрмек жеткізіп, ауруханаларға кислород баллондарын тасыды. Әрине, бұл еріктілер тобының атқарған қайырлы істерінің аз ғана бөлігі. Ерекше атап өтетіні, жоғарыда аталған іс-шараларға пробация есебінде тұрған сотталған азаматтар қатыстырылды.

– Мұқтаж адамдарға көмек беру – сауапты іс. Осы жұмыстардың арқасында Сіздер қаншама сотталғанның жүрегіне үміт ұялатып, қаншама отбасын болуы мүмкін қауіп-қатерден сақтадыңыздар. Сондықтан, қиын кезеңде пробация қызметкерлерімен бірге игі істер жасағандарыңыз үшін Сіздерге алғысымды айтамын және «Еріктілер жылы» аяқталса да, келер жылы да дәл осындай қарқынмен жұмыс жасауға шақырамын,- деген Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментінің бастығы Алмас Шамишев, еріктілер тобына сәттіліктер тіледі.

Ізгі істері үшін ілтипат көрсеткен Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне «Қайырымды жандар» еріктілер тобының төрағасы Еламан Байғозин еріктілер атынан ықылас білдірді:

– Биылғы «Еріктілер жылында» пробация қызметкерлерінің азқамтылған отбасылар үшін атқарған игі шаралары көптеген қала тұрғындарының оң көзқарасын қалыптастырды. Сонымен қатар, қайырымдылық іс-шараларына қатыстырылған пробация есебінде тұрған сотталғандар да қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы жақсылыққа бір қадам жақындап келетінін өз көзімізбен көрдік. Бұл да болса Сіздердің сотталғандарды түзу жолға салудағы нәтижелі жұмыстарыңыздың дәлелі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру