Адал қызмет атқарған полицейдің отбасы назардан тыс қалмады
Тәуелсіздік мерекесіне орай Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов адал қызмет атқарып, ауыр науқастан өмірден өткен полицейдің шаңырағына барды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нұрболат Палжігітов – Шымкент қаласы Полиция департаментінің
Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасы көші-қон қызметі бөлімінің аға инспекторы, полиция майоры болатын. Еңбек жолын 2011 жылы Әл-Фараби ауданы Полиция басқармасының көші-қон қызметі бөлімінде бастаған ол тоғыз жыл осы салада абыроймен қызмет атқарды.
Нұрболат Тастемірұлы елін шексіз сүйген, халқы үшін адал қызмет атқарып, туған жердің тыныштығын қас қақпай қорғаған үлгілі полицей болатын. Әріптестерінің ортасында сыйлы, өз қызметін асқан жауапкершілікпен атқаратын батыл болмысты азаматтың қадірлі бейнесі мәңгі жадымызда сақталады.
Нұрболат Тастемірұлының қазасын Шымкент қаласы Полиция департаменінің жеке құрамы ауыр қабылдады. Себебі, ауруынан сауығып кетер деген үміт болды. Бүгінде Нұрболаттың артында екі қыз бір ұлы қалды. Департамент қызметкерлері балаларға ноутбук сыйлап, Тәуелсіздік күнімен құттықтады.
– Мереке құтты болсын. Зор бақыт тілеймін. Балаларыңыз аман болсын. Ауырмаңыздар. Тек жақсылықта жолығайық, – деді Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жумаханбетов.