Түнгі уақытта серуендеген 118 жасөспірімнің заңды өкілі жауапқа тартылды
Кәмелетке толмағандардың кешкі демалыс уақыты жамбылдық полицейлердің тұрақты бақылауында, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбылдық полицейлермен кәмелетке толмағандардың ҚР тұрғын үйден тыс және түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болу қағидалары туралы заңнаманы сақтауы бойынша бірқатар рейдтік іс-шаралар өткізілді.
Мерекелер жақындауына байланысты кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың алдын алу ерекше бақылауда тұр. Ата-аналар және олардың балаларымен бос уақытты және балалардың қарым-қатынас ортасына назар арттыру туралы онлайн-түсіндіру жұмыстары мен дәрістер үнемі өткізіліп тұрады. Қылмыстылық мәселесін талдау нәтижесі көрсеткендей, жасөспірімдерді заңсыз әрекеттерге түн мезгілінде, ата-аналары балаларының мінез-құлқы мен жүріс-тұрысын және олардың қарым-қатынас шеңберін бақыламайтын кезде, ересектер немесе жолдастары тарапынан барады деген қорытындыға әкеледі.
– Мәселен, алдын алу іс-шараларының бір аптасында ювеналды полиция инспекторлары мен басқа да қызметтерден тұратын үш жүзге жуық қызметкер жұмылдырылды. Іс-шараларға білім беру, денсаулық сақтау, прокуратура қызметкерлері, ата-аналар комитеттері, еріктілер, сондай-ақ басқа да мүдделі органдар қатысты. Облыс бойынша барлығы 80-нен астам рейд жүргізілді, оның барысында 150-ден астам кәмелетке толмаған бала ІІО-ға жеткізілді, 200-ден астам ата-ана мен өзге де ересек адамдар жауапкершілікке тартылды, – деп хабарлады Жамбыл облысының ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Қуанышбек Қалжанов.
Бір апта ішінде 10 кәмелетке толмаған жасөспірім және екі тұрмысы нашар отбасы есепке алынды. КБО-ға қадағалаусыз және панасыз қалған үш кәмелетке толмаған бала орналастырылды. Ата-ана міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін екі заңды өкіл ата-ана құқықтарынан айырылды.
Сонымен қатар, кәмелетке толмаған бес адамның түнгі уақытта төрт ойын-сауық мекемесінде болуына жол бергені үшін бес ата-ана мен төрт кафе-бар иесі жауапкершілікке тартылды. Сондай-ақ алкоголь өнімдерін сату ережелері туралы ҚР заңнамасын бұзудың төрт дерегі анықталды. Түнгі уақытта 118 кәмелетке толмаған жеткіншектің тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін 106 заңды өкіл жауапкершілікке тартылды.
ҚР ӘҚБтК-нің талаптарын бұзуға қатысты қосымша 85 құқық бұзушылық дерегі анықталды.