Атасы туралы құнды мәлімет алған аудан тұрғыны полицейлерге алғыс білдірді
Қызылорда облысы Шиелі ауданының тұрғыны Рүстем Төлеген Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанға шынайы ризашылығын білдіріп, алғысын айтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс тұрғыны Рүстем Төлеген 1906 жылы дүниеге келіп, 1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбанына айналып, өлім жазасына кесілген Төлебай деген есімі ғана белгілі атасы жайлы мәлімет сұрап, Қызылорда облысы Полиция департаментіне хабарласқан.
Аталған азаматтың өтінішінің негізінде Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатының қызметкерлері жан-жақты іздестіру жұмыстары жүргізді. Өткізілген қарқынды жұмыстар нәтижесінде оның атасы Төлебай Ерімбетов екендігі және оның 1989 жылы ақталып, қылмыстық іс бойынша мәліметтердің Жамбыл облысының Полиция департаментінде сақтаулы екендігі анықталды.
Атасы Төлебай Ерімбетов туралы мәліметтердің «Азалы кітапқа» енгізіліп, оның Алматы облысының Жаңалық ауданында жерленгені туралы мәліметтер өтініш иесіне жолданды.
Аудан тұрғыны Қызылорда облысы Полиция департаментінің бастығы Бектөре Сұлтанға алғысын білдіріп, мұрағат қызметкерлеріне өз атынан «Алғыс хат» жолдады.
Қызылорда облысының Полиция департаменті Ақпараттандыру және байланыс басқармасының арнайы мемлекеттік мұрағаты мұрағаттық анықтамалар мен мұрағаттық құжаттардың көшірмелерін беруді жүзеге асырады.
2014 жылы Қызылорда облысы Полиция департаменті Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Қызылорда облысы және Байқоңыр қаласы бойынша департаментінен «Сот органдарымен ақталған, қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарға қатысты қылмыстық істер, сонымен қатар Ұлы Отан соғысы кезінде тұтқынға түсіп, Германиядан келген бұрынғы КСРО азаматтары туралы іріктелген, трофейлік материалдарды» қабылдап, қазіргі таңда арнайы мемлекеттік мұрағатта жалпы саны 6000-нан астам қылмыстық іс сақталған.
Қазіргі таңда қуғын-сүргінге ұшыраған туыстарының тағдыры туралы тиісті мәліметтер, жеке құжаттары мен анықтамалар сұраған жеке тұлғалардың өтініштерінің саны артуда.
Саяси қуғын-сүргін құрбандары туралы ақпаратты қолжетімді ету мақсатында құрылған Ішкі істер министрлігінің Веб-порталындағы (http://mvd.gov.kz) әлеуметтік маңызы бар «Мемориал» сервисі арқылы азаматтар өз туыстары мен жақындары туралы қысқаша танысып, толыққанды мағлұмат алу үшін мұрағатқа жүгінеді.