Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Тәжікстан Республикасының азаматы полицейлерге алғысын білдірді

Тәжікстан Республикасының азаматы жолда көрсеткен көмегі үшін қызылордалық полицейлерге алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы аумағында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында патрульдік полиция қызметкерлері оқыс оқиғалардың алдын алу үшін тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс жасауда.

19 желтоқсан күні Тәжікстан Республикасының азаматы Алишер Рахимов әлеуметтік желілер арқылы тікелей эфирде Қызылорда облысы Шиелі аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторларына жолда көрсеткен көмегі үшін алғысын білдірді. Жүргізуші Ресей Федерациясынан Тәжікстан Республикасына бағыт алған.

Ауа райының қолайсыздығына байланысты оның жүк көлігі «Шымкент-Самара» тас жолының Шиелі ауданы Қодаманов елдімекенінің тұсында аударылған.

Екі күн бойы Қызылорда облысы Шиелі аудандық полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторлары Нұржан Аширов пен Қанат Сейітмағанбетов жолда қалып қойған жүк көлігінің жүргізушісіне көмек берген.

Полицейлер ақауларды жөндеп, қажетті қосалқы бөлшектерді жеткізуге көмек беріп, оны кешенге орналастырып, күнделікті ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған. Көлігін жөндеп, тынығып алған жүргізуші сапарын жалғастырды.

Ауа райының тұрақсыздығына байланысты Қызылорда облысының Полиция департаменті жол қозғалысы қатысушыларына жол жүру кезінде өте мұқият болуды және шұғыл қызметтердің хабарламаларына баса назар аударуды сұрайды.

Жүргізушілерге көктайғақ кезінде жылдамдық режимін сақтап, күрделі маневрлер жасамай, көлік құралдары арасындағы қашықтықты сақтау қажет. Көктайғақ күндері қауіп жаяу жүргіншілерге де, жүргізушілерге де төнеді. Сол себепті жолда абай болып, қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтаған жөн.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру