Қаһармандар – тәртіп сақшыларының қатарында
8 желтоқсанда өз-өзіне қол жұмсау дерегінің алдын алу кезінде желіде «Менің есімім – Баха» деген сөздерімен танымал болған полиция қызметкері Бақыт Жарқынбеков Қарасай ауданы Полиция басқармасы патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары болып қызмет атқарады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Ол соңғы үш жылдан бері осында жұмыс істейді және үлгілі қызметкерлердің бірі болып табылады. Бақыт Жарқынбеков қызмет еткен жылдары өзін парасатты, шапшаң және мейірімді қызметкер ретінде көрсетті. Ол биыл ерлігі үшін ҚР Ішкі істер министрінің атынан медальмен марапатталды, – деді Қарасай ауданы ПБ ЖПҚБ бастығы Ғазиз Кәрімов.
Естеріңізге сала кетейік, ол биыл 8 қаңтарда Қаскелең қаласындағы бес қабатты ғимаратта болған газ жарылысы кезінде адамдарды құтқарды. Жарылыс салдарынан сегіз адам жарақат алды, олардың төртеуі балалар.
Сондай-ақ ол түн ортасында жанған және бес адам зардап шеккен «Асыл арман» тұрғын үй кешенінің тұрғындарын жалыннан құтқару жұмыстарына да атсалысты. Полицейдің сауатты іс-әрекеттерінің арқасында зардап шеккендердің саны айтарлықтай азайды.
Бұдан басқа биыл Бақыт Жарқынбеков өзіне-өзі қол жұмсауға талпынудың екі дерегінің алдын алды.
– Менің ойымша, бұл – менің барлық әріптестерімнің және маған осындай тәрбие берген әкемнің еңбегі. Жеке өзім мұны ерлік деп санамаймын, бұл – парызым және менің тікелей міндетім! – деді патрульдік полиция ротасы командирінің орынбасары Бақыт Жарқынбеков.