Алматылық полицейлер суицидтің алдын алды
Алматылық полицейлер «WhatsApp-қа» келген хабарлама арқылы суицидтің алдын алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік полиция қызметкерінің телефонына сеніп тапсырылған аумақтағы пәтерлердің бірінде тұрғындардың бірінің өзін-өзі өлтіруге дайындалып жатқандығы туралы хабарлама келіп түскен.
Оқиға орнына дереу барған учаскелік полиция қызметкерлері ер адамның өзіне қол жұмсауының алдын алды.
– Хабарламаны жіберген өзін-өзі өлтірмекші болған адам. Хабарламада көрсетілген мекенжай бойынша жүгіріп келген қызметкерлерге пәтер есігін ешкім ашпаған. Содан кейін полиция қызметкерлеріне пәтерге терезе арқылы кіруге тура келді. Ер адам арқанды дайындап, өз-өзіне қол жұмсамақ болған. Онымен әңгімелесу барысында инспекторлар оның депрессивті көңіл-күйде екенін және жалпы денсаулық жағдайының бірқалыпты еместігін байқап, оқиға орнына дәрігерлерді шақырған, олар ер адамды қосымша тексеру үшін алып кетті. Сондықтан жергілікті полиция қызметкерлерінің телефон нөмірлерін білу өте маңызды. Менің «Facebook» парақшамнан желі қолданушылары ауданымыздағы учаскелік полиция инспекторларының барлық байланыс деректерін көре алады. Азаматтар кез келген уақытта олардан көмек сұрай алады, – деді Алатау аудандық Полиция басқармасының бастығы Ілияс Өмірсеріков.