Жалғызбасты ана назарсыз қалмады
Шымкент қаласы Абай ауданы Полиция басқармасы мүмкіндігі шектеулі баласы бар анаға көмек берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шымкент қаласы Полиция департаменті Абай ауданы Полиция басқармасының қызметкерлері әлеуметтік қолдауға мұқтаж жанұяларға қайырымдылық шарасын ұйымдастырды. Тәртіп сақшылары қолдау көрсеткен отбасының бірі – Зұлқұмар Ешкуватованың шаңырағы. Шымкент қаласы Б.Саттарханов көшесінің тұрғыны Зұлқұмар Хәкімқызы, төрт баланың анасы.
– Өзім қаладағы мекемелердің бірінде тазалықшы болып жұмыс істеймін. Бір айлығым ұл-қызының ас ауқатынан артылмайды. II топтағы мүмкіндігі шектеулі қызының дәрі-дәрмегіне де қосымша шығындар кетеді. Менің жағдайымды ескеріп, көмек көрсеткендеріңізге шексіз алғысымды айтамын, -дейді Зұлқұмар Ешкуватова.
Абай ауданы Полиция басқармасының ұжымы отбасының жалғыз асыраушысы әрі көп балалы анаға қайырымдылық көрсетуге ниеттенген. Осы мақсатта тәртіп сақшылары күнделікті тұрмысқа қажетті азық-түлік өнімдерін жеткізіп, жанұяның қал-ахуалын біліп қайтты.
– Қайырымдылық – көмекті қажет етушілерге білдірілетін сүйішпеншілік пен нақты көмек әрі ізгіліктің көрінісі.Сауапты іске бір ауыздан ниет еткен тәртіп сақшылары үнемі қайырымдылық көмек көрсетуде белсенділік танытуға тырысамыз, – дейді Абай ауданы Полиция басқармасының өкілдері.