Жұмысқа тұрғызуға уәде еткен алаяқ ұсталды
Қызылорда облысында жұмысқа тұрғызамын деген желеумен жергілікті тұрғынның 210 мың теңгесін алған алаяқ ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
6 қаңтарда алаяқтың құрбаны болған жергілікті тұрғын қалалық Полиция басқармасының кезекші бөліміне келіп арызданды. Белгілі болғандай, күдікті азамат жәбірленушіге теміржол мекемесіне жұмысқа орналастыруға уәде беріп, қазан айында одан 210 000 теңге ақшасын алып кеткен. Бірақ көп ұзамай ақшаны алған күдікті телефон қоңырауларына жауап бермей, жұмысқа орналастыру туралы мәселе әлі де өз шешімін таппағандықтан жәбірленуші полицияға жүгінген.
Полиция қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында қала тұрғыны болып табылатын 1982 жылы туған алаяқты ұстады.
Қазіргі уақытта аталған факт бойынша ҚР ҚК-нің 190-бабының 1-бөлігі (Алаяқтық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Қызылорда қалалық Полиция басқармасының басшылығы азаматтарға қырағы болу және бейтаныс адамдарға сенбеу туралы ескертеді.