Хабар-ошарсыз кеткен жасөспірім қыз Шымкенттен табылды
Түркістан облысының полицейлері үйінен кетіп қалған жасөспірім қызды Шымкент қаласынан тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысы Шардара ауданының ПБ кезекші бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, ұшты-күйлі жоғалған қызын тауып беруге көмек беруін сұраған. Анасының айтуынша түнгі уақытта 11-сыныпта оқитын қызы екеуінің арасында түсінбеушілік орын алып, ренжіген қызы сыртқа шығып кеткен. Ашуы басылғасын кіреді ғой дегенімен, қыз сол күйі ұшты-күйлі жоқ болып кеткен. Ата-анасы жасөспірімді өздері екі күн бойы іздеп, таба алмағандықтан көмек сұрап, полицияға жүгінген.
Полиция қызметкерлері ақпарат түскен сәттен бастап дереу кәмелетке толмаған қыз баланы іздеуге кіріскен. Қарқынды іздестіру шараларының нәтижесінде жоғалған қыз Шымкент қаласындағы көшелердің бірінен табылып, Шардара қаласына жеткізіліп, ата-анасына тапсырылды.
Тексеру барысында анықталғандай, анасына ренжіген жасөспірім бірінші күні Шардара қаласындағы құрбысының үйіне қонған. Ал екінші күні Шымкент қаласындағы туысының үйінде болған.
Қызының аман табылғанына қуанған анасы полицейлерге алғысын білдірді.
– Сіздердің арқаларыңызда қызым аман-есен табылды. Жедел әрекет еттіңіздер. Біз таба алмаған қызымызды тауып бердіңіздер. Сіздерге үлкен рақмет! Жұмыстарыңызға табыс тілеймін! – деді ол.
Түркістан облысының полицейлері барша ата-аналарға кәмелетке толмаған ұл-қыздарының өтпелі кезеңдегі іс-әрекеттеріне түсіністікпен қарап, олармен тіл табысуға шақырады. Жасөспірімдерге үлкендердің рұқсатынсыз үйден алыс кетпеу керектігін үнемі ескертіп отыру қажеттігін еске салады.