Пәтер ұрылары ұсталды
Павлодарда екі пәтер ұрысы ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
– Ұрылар пәтерлерге құлыпты бұзып, кілт таңдап кіріп, барлық құнды заттарды алып кетеді. Көбінесе ұрылар зергерлік бұйымдарды, тұрмыстық техниканы және ақшаны алады. Мәселен, Павлодар облысының жедел қызметкерлері пәтер ұрлығын жасады деген күдікпен екі павлодарлықты ұстады. Олар 2021 жылдың 9 қаңтарында Павлодар қаласындағы Академик Бектұров көшесіндегі үйлердің бірінен пәтер жалдаған. Алкоголь ішкен олар көрші есікті қаққан. Пәтерде ешкім жоқ екеніне көз жеткізген күдіктілердің бірі сыртқы есікті сындырып, тұрғын үйге заңсыз кірген. Ұрылар пәтерден ноутбук, микротолқынды пеш, бейне камера, барсетка және элиталық парфюмерияны алған. Ұсталғандарға қатысты Қазақстан Республикасы ҚК-нің 188-бабы (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Ер адамдар Павлодар қаласының ПБ уақытша ұстау иоляторына қамалды, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Елдар Әбдікенов.
Полиция қызметкерлері үйден шыққанда терезелер мен балкон есіктерінің мығым жабылғанын тексеруді, жеке үйлердің құлыптарын заманауи құлыптау құрылғыларымен ауыстыруды, кілт жоғалған жағдайда құлыптарды дереу ауыстыруды қатаң ескертеді.
Есікті, терезе жақтауларын бұзу, заттардың шашылуы сияқты пәтерге заңсыз кіру іздері анықталған кезде, пәтерді немесе үйді қараусыз қалдырмай, пәтердегі жағдайды өзгертпестен және полиция қызметкерлері келгенге дейін заттарға қол тигізбестен «102» нөміріне дереу хабарлауды сұраймыз.
Айта кету керек, жыл басынан бері өңір аумағында төрт пәтер ұрлығы тіркеліп, олардың барлығы ашылды.