Кәмелетке толмағандармен профилактикалық жұмыстар жүргізілуде
Үшінші тоқсан басталғалы Маңғыстау облысының ювеналды полиция қызметкерлері «Zoom» бағдарламасы арқылы кәмелетке толмағандармен профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мұнда жасөспірімдер қылмысының жай-күйі туралы ақпарат талқыланады. Бүгінде жасөспірімдер жасаған қылмыстардың саны 41%-ға немесе 29 фактіге азайған.
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың басым бөлігі – ұрлық, бұзақылық болып табылады. Түнгі уақытта орын алатын қылмыстардың 27% – ға немесе 6 фактіге төмендегендігін де атап өту керек.
Өткен жылы өңірде кәмелетке толмаған 214 жасөспірім, 185 қолайсыз отбасы есепке алынды.
Маңғыстау облыстық Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына қадағалаусыз және панасыз қалған 348 кәмелетке толмаған орналастырылса, Маңғыстау облыстық девиантты мінез-құлықты балаларға арналған мектеп-интернатына 11 жасөспірім орналастырылды.
– Жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстардың алдын алу ювеналды полиция қызметкерлерінің жұмыстарының басым бағыттарының бірі болып табылады. Кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыс жалпы қылмыстардың аса қауіпті түрі, өйткені ол өскелең ұрпақтың болашағына кері әсерін тигізетін іс-әрекет болып табылады. Сондықтан да бұл бағыттағы профилактикалық жұмыстар үнемі өткізіліп тұруы тиіс, бұл мәселе жалпы қоғам үшін де өзекті мәселе болып саналады, – деп атап өтті Маңғыстау облысы Полиция департаментінің бастығы Жанарбек Бақтыбаев.