Үш күн ішінде 50-ден астам құқық бұзушылық анықталды
Алматы облысының табиғат қорғау полициясы 3 күн ішінде 50 астам құқық бұзушылықты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы облысының аумағында өтіп жатқан «Браконьер» жедел-алдын алу іс-шарасы барысында табиғатты қорғау полицейлері 52 құқық бұзушылықты анықтады.
Іс-шараның басты мақсаты – табиғат қорғау заңнамасы талаптарының бұзылуына жол бермеу және оның алдын алу.
– Үш күн ішінде заңсыз аңшылықтың 28 дерегі, заңсыз балық аулаудың 11 дерегі, сондай-ақ, ағаштарды заңсыз кесудің 12 дерегі тіркелді. Аталған деректер бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес хаттамалар толтырылып, айыппұлдар салынды. Қарасай ауданында ағаштарды заңсыз отаған бір тұрғынға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды, – деді облыстық ПД ЖПҚБ табиғатты қорғау тобының инспекторы Бағлан Рымжанов.
Өз кезегінде, полицейлер табиғат қорғау заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға және табиғи байлығымызға жанашырлық танытуға шақырады.
Саятшылық құруға ниет еткен тұрғындар қолданыстағы заңға сәйкес тиісті құжаттар мен рұқсаттарды алу және қаруды сақтау және тасымалдау тәртібін ескерулері қажет.
16 қаңтар күні басталған табиғат қорғау шарасы айдың соңына дейін жалғаспақ.