Бейіттің темір қоршауының бөлшектерін ұрлаған ер адам анықталды
Маңғыстау облысында бейіттің темір қоршауының бөлшектерін ұрлаған азамат әшкереленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Маңғыстау облысы Түпқараған ауданының полициясына тұрғындардан екі арыз түсті.
2021 жылдың 9 қаңтарында Қошқар ата қорымындағы әкесінің қабіріне барған кезде туыстары қоршауға арналған екі металл трубаның жоғалғанын байқаған. Шығын сомасы 20 мың теңгені құрайды.
Осындай оқиға келесі күні де орын алған. Жәбірленушінің айтуынша, 10 қаңтарда сағат 11.00-де қоршаудан тағы екі металл труба жоғалып кеткен. Келтірілген материалдық шығын – 20 мың теңге.
Ұрлық болған жерге жедел-тергеу тобы барды. Жедел-іздестіру шаралары барысында полицейлер 44 жастағы күдіктіні ұстап, ол өз ісін мойындады.
Екі дерек бойынша да сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Өңірдің бас полицейі Жанарбек Бақтыбаевтың айтуынша, кез келген ұрлықтың негізгі себептері мен шарттары жәбірленушілердің бейқамдығы мен шектен тыс сенгіштігі болып табылады.